Билік

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ

Құқық қорғау жүйесін реформалау біздің азаматтарымыздың құқығын әділ және шынайы қорғауды қамтамасыз етуге тиіс

17 тамыз күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңеске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкім­шілі­гі­нің Басшысы Аслан Мусин, Конс­титуциялық Ке­ңес­тің Төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы Соттың Төр­ағасы Мұ­са­бек Әлім­беков, “Нұр Отан” ХДП Төр­аға­сының бірінші орын­басары Нұрлан Ны­ғматулин, Қазақстан Респуб­ли­касы Прези­дентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Жоғары Сот Кеңе­сінің Төрағасы Оңалсын Жұма­бе­ков, Бас Прокурор Қайрат Мәми, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, сондай-ақ Қазақстан­ның барлық өңірлерінің құқық  қорғау құрылымдарының жетек­шілері қатысты.

Кеңеске қатысушылардың ал­дында сөз сөйлеген Елбасы ел хал­қына Жолдауында құ­қық қорғау жүйесін жаңғырту міндетін қой­ған­дығын атап өтті. Құқық тәртібі мен қо­ғам­дық қауіпсіздікті қамта­масыз етіп, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрған мем­ле­кеттік органдар жүйесі үшін біздің елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Соңғы бес жылда ғана құқық қорғау орган­да­рына 160 мил­лиард теңгеден астам қаржы бөлініп, олар­дың әлеуметтік қам­тамасыз етілуі екі есе өскен. Қа­был­данған мемлекеттік шаралар­дың арқасында құқық қорғау жүйе­сі үздіксіз және тұрақты жұ­мыс істеп, осы заманғы, же­дел өз­геріс үстіндегі жағ­дайға бейімделе алуда.

– Менің тапсырмам бой­ынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия құ­рылды. Ол үлкен жұмыстар ат­қарды. Әлеуетті құрылымдардың жұмысына қызметтік талдау жа­салып, проблемалар мен олқы­лықтар анықталды. Ауқымды әлем­дік тәжірибе зерттелді, – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.

Құқық қорғау орган­дары­ның қазіргі бар құрылымы, бірқатар функциялар мен өкі­леттіктер қоғам­да қалып­тас­қан нарықтық қатынастарға сай келмейтінін айт­қан жөн. Құқық  қорғау орган­дары­ның қызметі басқару жүйе­сінің ебедейсіз үлкендігімен, қыз­меттердің қайталануымен және астасуымен сипатталады. Са­палық көрсеткіштерді сандық көрсеткіш­тер­мен алмастыру орын алған. Қазіргі бар баға­лау өлшемдері олар­дың қыз­меттік міндеттерін шешуге бағытталуына жәрдем­дес­пей­ді. Осының бәрі халықтың құқық қорғау органдарына, ал со­лар арқылы тұтастай би­лікке деген сенім деңгейіне сал­қынын ти­гізуде. Үстіміз­дегі жылы Прези­дент Әкім­ші­лігіне түскен азамат­тардың хат-хабарларының үштен бірі құқық қорғау органдары мен соттардың іс-әрекетіне ша­ғым­дар болған.

Реформалаудың бұған дейінгі барлық әрекеттері күт­кен нәтиже бермеді. Рефор­ма­ның шынайы мақсаттары науқаншылдықпен ал­масты­ры­лып, соған теңдестірілді. Тар ведомствошылдық мүд­де­лер, бұрынғы, көп ретте әлі ке­ңестік тәртіпті сақтап қалу тілегі жалпы мемлекеттік мүд­делерден асып түсіп жатты.

– Сондықтан да менің шеші­мім­мен құрылған Мем­лекеттік комиссия халықара­лық тәжірибе мен қазақ­стандық жағдайды еске­ре отырып, құқық қорғау орган­дарын жаңғыртудың негізгі ба­ғыт­тарын пысықтады, – деген Ел­ба­сы комиссия әзір­леген еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау жөнін­дегі көзқарастарды тұтастай алғанда  өзінің мақұлдағанын, со­ған орай “Қазақстан Рес­публи­касында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жар­лыққа қол қоятынын айтып өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Үкіметке, Президент Әкім­шілігіне, құқық қорғау ор­ган­дары мен сот­тарға мы­на­дай не­гізгі бағыттар бойын­ша шаралар жүргізуге дереу кіріскендері жөн екендігін атап көрсетті.

Бірінші. Реформаның ше­шуші мәселелерінің бірі құқық қорғау органдарының құзыретін айқын шектеу және оларды сай емес қызмет­тер­ден босату, қылмыстық істерді тергеу жүйесін оңтайландыру және құқық қорғау орган­дары­ның тиім­ділігін арттыру болып табылады. Осыған орай ІІМ-нің медици­на­лық айықтырғыштарға қатысты қызметтер мен өкілеттіктері Ден­­сау­лық сақтау министр­лі­гіне, кә­ме­летке толмаған­дар­ды уақытша оқшаулау, бейім­деу және оңалту орталықтары Білім және ғы­лым министр­лі­гіне, көлік құрал­да­рын тех­никалық тексеру жүргізу бә­се­келестік ортаға, ал оны өт­кі­зуді бақылау жөніндегі өкілет­тіктер Көлік және коммуникация министрлігіне, ІІМ-нің күзет қыз­меті сала­сын­дағы өкілеттігі, айрықша маңызды стратегиялық ны­сандарды күзеттен басқалары, бәсекелестік ортаға беріледі. Ішкі істер министрлігі мен Бас про­куратура олардағы бар үш өңірлік көлік құрылым­да­рын осы орган­дардың орта­лық аппаратына кіре­тін бір құрылымға біріктіргендері жөн. Үкімет көші-қон үдеріс­терін мемлекеттік реттеудің тиімділігін арт­тыру, көші-қон ағымдарын бақылауды қатаң­дандыру үшін ІІМ құрылы­мында Көші-қон полициясы комитетін құруы тиіс. Есірт­кі­ге салынушылықпен және есірткі бизнесімен күресті күшейту үшін ІІМ-нің Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитетіне осы мәсе­лені жү­зеге асыратын өңірлік бөлім­шелер тікелей бағыныс­ты­лығына беріледі. Ішкі істер ми­нистрлігі әкімшілік тұт­қын­­дауды атқару жөніндегі қызметті кезең-кезеңмен Әді­лет министрлігіне өт­кі­зеді. Осылайша ішкі істер орган­дары оларға тән емес қыз­мет­терді атқарудан босатылады.

Бізге аса маңызды жүйелік қа­дам жасауға – Крими­нал­дық полиция комитеті мен Тергеу ко­ми­тетін қосу ар­қы­лы ІІМ-нің Тер­геу жөніндегі комитетін құруға тура келеді, деді Елбасы. Осындай бірік­ті­рудің нәтижесінде қыл­мыс­ты тергеу тиімді­лігі артуы тиіс. Осының бәрін атқар­мастан бұрын облыстардың бірінде қанатқақты жобаны іске асы­руға болады. Алайда мұны жа­сауға тиіспіз, өйткені бұл – әлемдік тәжірибе.

Трансұлттық есірткі қыл­мыс­тары­нан басқа барлық есірт­кі қыл­мыстарын тергеу ІІМ-ге беріледі, ал эко­но­ми­калық және сыбайлас жем­қор­лық қылмыстарды толық­тай Қаржы полициясы тер­гей­тін болады. Ұлттық қауіп­сіздік коми­теті тікелей ұлттық қауіпсіздікке бай­ланысты қатерлер мен қыл­мыс­тарды тергеуге шоғырлан­ды­рыла­ды. Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті жойылып, оның негізінде Жоғарғы Сот жа­нындағы Сот қызметін қамтама­сыз ету жөніндегі департамент құрылады.

Екінші. Құқық қорғау ре­фор­ма­сының басқа бір ма­ңызды ба­ғыты құқық қорғау органдарының аппараттарын оңтайландыру бо­лып табы­ла­ды. Бұл міндетті шешу үшін Үкіметке штаттық бірлік­тер­дің оңтайланған санын есеп­теп, оңтайландыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізу қа­жет. Орталық және облыстық буындағы басқару аппарат­та­рын қысқарту есебінен құқық қорғау органдарының қала­лық және аудандық бөлім­шелерін нығайтқан жөн.

Үшінші. Үкіметке Парла­мент­пен бірлесіп заңнамалық базаны жетілдіру, оны түзету жөнінде көп жұмыс істеуге тура келеді. Бәрінен бұрын, – деді Елбасы, – қылмыс­тық саясатты ізгілендіру мәселе­лерінде табанды түрде ілгерілеу керек. Құқық қорғау органдары тарапынан болатын қыспақтан бизнесті қорғау және бизнестің да­муын ынталандыру үшін эко­номи­калық саладағы қыл­мыс­тарға ай­рық­ша назар ауда­рылады. Рейдер­ліктің, өзгенің меншігін басып алудың жолына тосқауыл қойыла­ды. Кәсіпкер­лерді тексеру құқығы бар мем­лекеттік органдар тізімі қыс­қар­тылады. Осы шаралардың бәрі бизнестің мемлекетке деген се­німін нығайтуға мүмкіндік беріп, Қазақстанның инвести­ция­лық тар­тымдылығын арт­тыратын болады.

Құқық қорғау қызметін өтудің бірыңғай құқықтық қа­лыптары және қызметкер­лер­ді әлеуметтік қор­ғаудың бір­ың­ғай  ұстанымдары, сондай-ақ судьялар мен судья­лық қыз­метке кандидаттарға жоға­ры критерийлер енгізіледі. Құ­қық қорғау жүйесін бей­ми­ли­тариза­ция­лау жөніндегі жұ­мыстан бас­таған жөн. Мың­да­ған адамдар іс жүзінде қос­ал­қы және қызмет көрсету функцияларын атқара жүріп, погон тағады. Погонды әр ве­домствода негізгі функ­ция­лар­ды атқаратындар ғана та­ғуы тиіс, деп атап өтті Прези­дент. Келесі кезек­те біз әлем­дік тәжірибелерді ес­кере оты­рып, бұл мәселені қарас­ты­ра­тын боламыз. Бұл ретте қыз­меткерлердің мүдделерін ес­ке­ріп, олардың жалақылары­ның және кадр құрамы сапа­сы­ның төмен­деуіне жол бермеу қажет.

Төртінші. Мүдделі мем­ле­кеттік органдарға респуб­ли­ка­да жеке де­тективтік қызмет институтын ендіру мәселесін әзірлеп, бұл жөнінде ұсыныс енгізілуі керек.

Бесінші. Жергілікті атқару органдары (әкімдіктер) рефор­ма­дан тыс қалмайды, оларға құқық бұзу­шылықтың алдын алу және құқық тәртібін қам­тамасыз ету жөнінде жоғары жауапкершілік жүктеледі.

Алтыншы. Мемлекеттік ко­мис­сия өз жұмысын жал­ғас­тырып, аталған Жарлық­тың іске асыры­луын қисынды аяқ­талуға дейін жеткізуі керек.

Бұл ретте Парламентке бір­қа­тар өте маңызды заң па­кеттерін қабылдауы, Прези­дент Әкімшілігі мен Үкіметке қажетті шараларды белгілеуі, Қауіпсіздік Кеңесіне барлық әлеуетті органдардың жұ­мы­сын үйлестіру, сөйтіп, олар­дың қызметіне толық ауқым­ды ба­қылауды қамтамасыз етуі керек.

Сөзінің қорытындысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қа­былданған шаралар құқық қорғау және сот жүйесінің тиімділігін арттыруға, біздің азаматтардың құ­қықтарын әділ де нақты қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тініне сенімді екенін атап көрсетті.

Кеңес барысында  еліміз­дің Құ­қық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия­ның жетек­ші­сі, Премьер-Министр К.Мә­сі­мов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына атқарылған жұ­мыс­тар туралы баяндады.  Ре­форманың не­гізгі қағидалары бойынша Бас Прокурор Қ.Мәми, Жоғарғы Сот Төр­аға­сы М.Әлімбеков, Ішкі іс­тер министрі С.Баймағанбе­тов, сон­дай-ақ бірқатар об­лыс­тық құ­қық қорғау ведом­стволары­ның басшы­лары сөз сөйледі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button